Мақтааралда әлеуметтік қолдау жүйесін цифрландыруға арналған семинар өтті

Мақтаарал ауданында әлеуметтік қолдау жүйесін цифрлық форматқа көшіруге арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қолдау қызметтерін тиімді әрі қолжетімді ету.
Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсенің» басшысы Сағындық Фарида жетекшілік еткен жобалық топ, сондай-ақ Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары К.Мирова қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов ашып, жүргізді.
Цифрлық жүйелер таныстырылды
Семинар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген FSM Social және Socium автоматтандырылған ақпараттық жүйелері таныстырылды. Бұл платформалар:
- Әлеуметтік қызмет көрсету процесін автоматтандыруға;
- Мемлекеттік мекемелер арасындағы деректер алмасуды жеделдетуге;
- Адами фактор ықпалын азайтып, шешім қабылдау дәлдігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, мобильді қосымшалар арқылы өтініш беру, құжат тапсыру тәртібін жеңілдету мен қызмет сапасын жақсарту мүмкіндіктері талқыланды.
Семинарға аудандық полиция бөлімі, білім беру ұйымдары, медицина мекемелері, ауыл округтері мен «Отбасын қолдау орталығы» мамандары қатысты. Қатысушылар жаңа жүйелер бойынша пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.





