Созақ аудан әкімі құрылыс нысандарын аралап, жұмыс сапасын қадағалады

Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүріп жатқан бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың орындалу барысымен танысты.
Қазіргі таңда аудан аумағында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвестициялар есебінен бірнеше тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.
Аудан басшысы нысандарды аралау барысында мердігер ұйымдар мен құрылыс мамандарына жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.
Сапар барысында Мұхит Сексенбайұлы жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана ғимараты мен 200 орындық заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын да тексерді. Бұл екі нысан – аудан халқының мәдени және салауатты өмір салтын дамытуға арналған маңызды әлеуметтік жобалар қатарында.
Сонымен қатар, күрделі жөндеу жүріп жатқан «Достар» стадионының құрылыс аумағына барып, жұмыс қарқыны мен сапасына назар аударды.
Аудан әкімі аталған жобалардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын айтып, тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.





