«JasSAQ» ЭТНО-РЕАЛИТИ ЖОБАСЫ СОЗАҚТА ӨТТІ

Созақ ауданындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде республикалық «JasSAQ» телевизиялық этно-реалити жобасының кезекті кезеңі ұйымдастырылды. Жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатуды көздеген бұл бастама Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен жүзеге асуда.
Жобаға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық жас қатысып, алғашқы күннен бастап белсенділік танытты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жобаның маңызын атап өтті.
— Халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуде мұндай жобалардың тәрбиелік мәні зор. Ұлттық сана мен тарихи сабақтастық жастардың жүрегінде орнығуы тиіс, — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Нұралы қатысушыларға сәттілік тілеп, жоба аясында білім мен біліктілік қатар сыналатынын жеткізді.
Іс-шара аясында ұлттық ойындар мен салт-дәстүрге негізделген танымдық жарыстар ұйымдастырылып, кешкі уақытта өнерге толы мәдени бағдарлама ұсынылды. Қатысушылар бір-бірімен жақын танысып, достық пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.





