СОЗАҚТА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕ ЖИЫН ӨТТІ

Созақ ауданында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиынды аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткізді.
Басқосуда аудан басшысы жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алу, олардың құқығын қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар, ата-аналардың да жауапкершілігі зор екенін атап өтті.
Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
- Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Ерман 2025 жылдың алғашқы бес айында тіркелген құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.
- Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрлан Бердімұратов ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәлімет берді.
- Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді әлеуметтік оңалту мәселелерін көтерді.
Жиын қорытындысында Мұхит Сексенбайұлы құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда:
- құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді әрі тұрақты шараларды ұйымдастыру,
- ерте жүктіліктің алдын алу бойынша ата-аналар мен білім беру ұйымдары арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту,
- қиын жағдайдағы жасөспірімдерді әлеуметтік оңалтумен қамту,
- аудандық комиссия мен барлық мүдделі мекемелер арасындағы үйлесімді іс-қимылды жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері, құқық қорғау және білім беру саласының өкілдері қатысты.





