ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕГІ ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНДА ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысы Төлеби ауданына келуші туристер саны күн санап артып келеді. Алайда табиғат аясында демалушылардың кейбірі қоршаған ортаның тазалығына салғырт қарап, өзен жағалаулары мен жол жиегін күл-қоқысқа толтыруда.
Осыған байланысты аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың тапсырмасымен Қасқасу ауылдық округіндегі Сайрамсу өзенінің бойында ауқымды тазалық акциясы өтті. Іс-шараға 200-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысып, 7 шақырым аумақ қоқыстан тазартылды. Нәтижесінде 9 тонна тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы техникамен қоқыс полигонына жеткізілді.
Аудан әкімдігі табиғатты аялауға үндеп, демалушыларды экологиялық мәдениетті сақтауға шақыруда. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 және 432-2 баптарына сәйкес, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастаған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынатыны ескертілді.





