Түркістанда орман шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды

Түркістан облысында орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты тапсырмалар жүктелді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі табиғи ресурстар мен орман қорғау мекемелерінің жұмысы сараланды, деп хабарлайды Ushqyn.kz.

Сырдария–Түркістан мемлекеттік табиғи паркі, Қазығұрттағы «Жасыл желек», Шардарадағы орман және жануарлар әлемін қорғау мекемелері баяндама жасап, материалдық-техникалық базадағы кемшіліктер мен кадр тапшылығын алға тартты.

Мысалы, Сырдария-Түркістан паркі 119,9 мың гектар жерді қамтиды, соның 63,5 мыңы — орманды алқап. Жыл басынан бері 148 рейд өткізіліп, 104 заң бұзушылық анықталған. Мекеме өрт сөндіру техникасын жаңарту мен көшет күтіп-баптауға арналған құралдар алуды сұрады.

«Жасыл желек» мекемесі 2023 жылы 950 мың көшет таратса, биыл бұл көрсеткіш 180 мыңға дейін азайған. Мекеме басшысы жұмысшы жетіспеушілігін айтып, қосымша штат пен жаңа кеңсе қажеттігін жеткізді.

Шардара орман мекемесі соңғы үш жылда Түркістан жасыл белдеуіне және бірнеше ауданға 620 мыңнан астам көшет жеткізген. Тұқымбақ аумағы кеңейгенімен, кадр тапшылығы шешімін таппай отыр.

Нұрбол Тұрашбеков көшеттерді аудандарға босату кезінде жергілікті ауа райы мен топырақ ерекшеліктерін ескеруді тапсырды. Сондай-ақ, орман мекемелеріндегі кемшіліктерді жоюға нақты мерзім белгіледі.

Жиын қорытындысында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына нақты тапсырмалар жүктеліп, жауапты тұлғалар бекітілді.