Қазығұртта ауызсу жүйесі жаңартылып, тұрғындарға таза су жеткізілуде

Қазығұрт ауданына қарасты Атажұрт ауылында ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жоба мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен қаржыландырылуда.
Аудан басшысы Азизхан Исмаилов құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын бақылап шықты. Оның айтуынша, инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту – елді мекендердің өмір сапасын жақсартудың басты тетігі. Жоба аясында елді мекен ішіне толықтай жаңа су жүйесі тартылып, әр үйге таза ауызсу жеткізіледі.
Бұл – соңғы жылдары Қазығұрт ауданында қолға алынған инфрақұрылымдық жобалардың кезекті кезеңі. Бұған дейін бірнеше ауылда су, газ, жарық желілері жаңартылған. Аталған бастама алдағы уақытта өзге елді мекендерде де жалғасады.
Ауызсу жүйесіне қатысты жұмыстар аудан әкімдігінің тікелей бақылауында. Жобаның сапалы әрі уақтылы аяқталуы – тұрғындардың игілігіне айналуы тиіс басты міндет.





