САУРАНДА КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ: ЭНЕРГИЯМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәсіпкерлермен ашық форматтағы кездесу өтті. Басқосу барысында кәсіпкерлік нысандарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету, инфрақұрылым сапасын арттыру және энергия тапшылығын төмендету мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өкілдері – техникалық директор Талғат Ташимов пен өндірістік-техникалық қызмет басшысы Самиддин Монтаев, сондай-ақ Түркістан және Сауран аудандарының электр желілері бөлімінің бас инженері Ғани Қойшиев қатысты.
Кәсіпкерлер өз тарапынан күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді – жарық жиілігінің төмендігі, инфрақұрылымның тозуы, энергиямен жабдықтаудағы үзілістер бойынша ұсыныс-тілектерін білдіріп, оларды шешудің тиімді жолдарын ортаға салды.
Ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары да кәсіпкерлік нысандардың электр қуатымен қамтылуы бойынша пікір білдіріп, нақты жағдайларды баяндады.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сала мамандарына кәсіпкерлердің өтініштерін ескеріп, электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға, энергия тапшылығын азайтуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.





