САУРАН: ОРАНҒАЙДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

28 маусым күні Сауран ауданының Оранғай ауылдық округінде «Табиғатқа қамқорлық жасау» күніне орай экологиялық сенбілік өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп апталығы» аясында ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталды.
Аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп өткізген сенбілікке 100-ге жуық адам, сондай-ақ 7 арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылар Қарашық өзенінің 7 шақырымдық жағалауын күл-қоқыстан толық тазартып, табиғи аймақтың тазалығын қамтамасыз етті.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай қатысушыларға алғыс айтып, табиғатты сақтау — келешек ұрпаққа жасалған қамқорлық екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға баса мән беріп келеді. Бүгінгі шара – осы бағыттағы нақты іс. Мұндай бастамалар қоғамдағы бірлік пен азаматтық белсенділікті айқындайды, – деді ол.
Сенбілік барысында аудандық полиция бөлімі өкілдері экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң нормаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауыл тұрғындары бірлесе еңбек етіп, туған жер тазалығына жанашырлық танытты.





