СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП ИДЕОЛОГИЯСЫН ІЛГЕРІЛЕТУГЕ АРНАЛҒАН ФОРУМ ӨТТІ

Созақ ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған форум өтті.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Алтын Кунтуқызы ашып, жүргізді. Форумның негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттырып, азаматтардың заңға құрметін күшейту, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Мобильді топ құрамында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Мұхаммедали Аханұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы департаментінің тергеушісі Нұрбақыт Нысанбайұлы, облыстық ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Мұхтар Беркімбаевич, сондай-ақ Созақ ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Талғатұлы қатысты.
Форум барысында Мұхаммедали Аханұлы интернет алаяқтықтың қоғамда кең таралған өзекті мәселе екенін атап өтіп, «дроппер» схемасына тоқталды. Ол азаматтарды бөгде сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді сенімсіз тұлғаларға бермеуге және күмәнді қаржылық операцияларға жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар алаяқтықтың заманауи түрлерінен қорғану жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді.
Форум құқықтық тәрбие берудің маңызын арттырып, қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға бағытталған жаңа бастамаларға жол ашты.





