Түркістан: Кеурек қазған 68 шетелдік ұсталды

Түркістан: Кеурек қазған 68 шетелдік ұсталды
– деп хабарлайды Presso24.kz тілшісі.

Түркістан облысында сирек кездесетін сасық кеурек пен қызыл мия өсімдіктерін қорғау шаралары күшейтілді. Облыс әкімдігінің қаулысымен қызыл мияны 5 жыл, ал кеуректі 8 жыл бойы табиғаттан заңсыз жұлуға тыйым салынған. Осыған байланысты арнайы жұмысшы топ құрылып, рейдтік іс-шаралар басталды.

Тексеріс барысында Арыс қаласындағы Ақдала ауылдық округінен 4 уақытша тұрғынжай мен өсімдікті заңсыз қазып жүрген 23 шетелдік азамат ұсталды. Олардың 8-і – Өзбекстаннан, 15-і – Тәжікстаннан келген.

Ал Отырар ауданының Қарақоңыр ауылдық округіндегі 2598 гектар аумақта тағы 45 шетелдік кеурек қазып жүрген жерінен анықталды. Оның ішінде 39-ы – өзбек, 6-уы – тәжік азаматы екені белгілі болды.

23 шетелдік сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Қалған 45 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Экологиялық заңнаманы бұзу деректерінің алдын алу мақсатындағы рейдтер алдағы уақытта да жалғасады.