Сарыағаш: Әкім Арман Абдуллаев екі апта сайын құрылыс нысандарын аралайды

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, ол әр екі апта сайын аудан аумағындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысы мен сапасын тексеріп отырады. Бүгін әкімнің Жібек жолы ауылдық округіне жұмыс сапары өтті.
Қазіргі уақытта округте ауыз су жүйесін жаңарту және тұрғындарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында кең ауқымды құрылыс жүргізілуде. Аудан басшысы Жібек жолы елді мекенін ауыз сумен қамту жобасының орындалу барысын қарап, жауапты бөлім басшысы С. Қарақұловқа құрылыс сапасы мен мерзімін бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Аталған жоба аясында 51 шақырым ауыз су құбыры тартылып, су қоймасының құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Сапар барысында аудан әкімі ауылда салынып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен де танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, округ әкіміне жобаны сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Балалар ойын алаңшасының құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 2025 жылдың маусым айында құрылыс басталған. Жобаның мердігері — ЖК «Арман».





