Түркістан облысында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды

Түркістан облысында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды

Түркістан облысында медицина саласы үшін тарихи оқиға тіркелді – өңірде алғаш рет бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асты. Күрделі отаны облыстық клиникалық аурухана базасында Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мен академик Бақытжан Баймахановтың жетекшілігімен жүргізді.

Науқас – 48 жастағы Ульяна Нурметова 2019 жылдан бері вирус этиологиялы бауыр циррозына шалдыққан. Дәрігерлердің ұзақ мерзімді амбулаторлық және стационарлық емдеу шараларына қарамастан, ауруы порталдық гипертензия, ісіну мен гиперспленизм синдромымен асқынып, бауыр ауыстыру өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болды.

Донор ретінде науқастың 19 жастағы қызы Эльвира Сахавитдинова жан-жақты медициналық тексеруден өтіп, анасына өмір сыйлауға бел буды.

Трансплантацияға В. Мутагиров, М. Жұмабекова (анестезиологтар), М. Досханов, С. Тілеуов, Ж. Оспан (хирургтар) және облыстық аурухананың мамандары қатысты. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, трансплантацияланған органның қызметі қалпына келіп келеді.

Бұл ота Түркістан өңірінде трансплантология бағытының дамуына жол ашып, білікті мамандардың тәжірибесі мен аймақтық медицинаның әлеуетін көрсетті.