Созақ ауданында полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ерекше аталып өтті

Созақ ауданында полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ерекше аталып өтті

Жақында Созақ ауданында өткен Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шарада тек тәртіп сақшылары ғана емес, олардың отбасы мүшелері мен қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосып жүрген азаматтар да марапатталды. «Полиция анасы», «Полиция жұбайы» сияқты номинациялар арқылы офицерлердің отбасылық тірегінің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, полиция қызметінің жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының полицияның халықпен ашық диалог орнату жөніндегі тапсырмаларын еске салып, тәртіп сақшыларының еңбегіне жоғары баға берді.

Әкімнің лебізін аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудан прокуроры Ғалымжан Қапалбайұлы, ҰҚК жергілікті бөлімінің басшысы Дәулет Тастанов және сала ардагері Жүнісхан Әлімбеков те жалғастырып, жиналғандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Салтанатты рәсім барысында қызметте жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің, мәслихаттың және аудандық полиция бөлімі басшысы Нұрлан Мұратовтың атынан марапаттар табысталды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүрген бірқатар ауылдық округ әкімдері мен ауыл билерінің де еңбегі ескерілді.

Ресми шара соңы мерекелік концертке ұласты. «Шымкент концерт» ұйымы мен жергілікті өнерпаздар отансүйгіштікке толы ән-жырлардан шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.