БӘЙДІБЕК: ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Бәйдібек ауданында білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығы Шаян елді мекенінде бірнеше маңызды жоба жүзеге асып жатыр.

1976 жылы салынған, үш қабатты “Шаян” мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл білім ордасында 700-ден астам оқушы білім алады. Реновация жобасының жалпы құны – 314,1 млн теңге. Жөндеуді «КазСтройЭверест» ЖШС жүргізуде.

Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов құрылыс барысымен арнайы танысып, мердігерге оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауды, жұмысшылар санын көбейтуді және сапаға баса назар аударуды тапсырды.

Жаңғырту жұмыстары мектеп ғимаратын заманауи және жайлы білім ортасына айналдыруды мақсат етеді. Бұл өз кезегінде оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастырады.

Сонымен қатар, аудан әкімі “Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығының жұмысымен танысты. Ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған бұл әлеуметтік мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кәсіби мамандар қызмет көрсетіп, келушілердің белсенді өмір сүруіне, денсаулығын нығайтуына, қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасалған.

Орталықты аралау барысында аудан басшысы кейбір құрылыс кемшіліктерін атап, оларды жедел қалпына келтіруді тапсырды. Бұл жұмыстар тікелей аудан әкімінің бақылауында болмақ.