Ордабасыда ирандықтар кілем өндірісі мен жүзім шаруашылығын дамытуға инвестиция салмақ

Ордабасы ауданында ирандық кәсіпкерлер мал жүнін өңдеу және ұлттық өрнектермен кілем тоқу өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, олардың жобалық ұсыныстарымен танысты.
Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Талифа» ЖШС өкілдері өнеркәсіп жобасына Ордабасыдан 1 гектар жер телімін алуды көздеп отыр. Сонымен қатар, 50 гектар аумақта жүзім шаруашылығын өркендету жоспары бар.
Қажымұқан және Қарақұм ауылдық округтері аумағынан бөлінетін жерлерге қатысты рәсімдеу жұмыстары Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Жоба іске асса, өңдеу саласында жаңа өнім түрлері шығарылып, аудан экономикасына тың серпін береді.





