Манкенттегі теміржол станциясы жаңарып, жаңа тыныс алмақ

 

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов Манкент ауылындағы теміржол станциясының күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылап шықты. Құрылыс алаңын аралаған аудан басшысы мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, сапа мен мерзімді сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.

Станцияның инфрақұрылымы мен техникалық жай-күйін назарға алған Арман Сабитов бұл нысан тек көлік қатынасы үшін емес, жалпы халықтың тұрмыс сапасына да ықпал ететін маңызды орын екенін атап өтті. Ол нысанның заманауи стандарттарға сай, қауіпсіз әрі қолайлы болуы тиіс екенін ескертті.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң жаңартылған станция елді мекеннің көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бермек. Аудан әкімдігі нысанның уақытылы және сапалы аяқталуына бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.

Жаңғыру үстіндегі Манкент станциясы болашақта өңір логистикасының маңызды тірегіне айналуы мүмкін.