Төлеби ауданында ветеринария мамандары марапатталды

Төлеби ауданында ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Шара аудан әкімдігі ғимаратының кіші мәжіліс залында ұйымдастырылды.

Іс-шарада аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай құттықтау сөз сөйлеп, ветеринария саласының ел өміріндегі ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала тек жануарларды емдеумен шектелмей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зооноздық аурулардың алдын алу, биотехнология және қоршаған ортаны қорғау бағыттарында да маңызды рөл атқарады.

– Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында мал шаруашылығы дамып, халықтың азық-түлік қауіпсіздігі сақталып отыр. Бұл сала – ел экономикасының маңызды салаларының бірі, – деді Амалбек Дәркенұлы.

Салтанатты жиын соңында ветеринария саласында үздік танылған бірқатар маман Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.