ШАРДАРАДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА: БИЫЛ 35 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

ШАРДАРАДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА: БИЫЛ 35 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ
2025 жылы Шардара ауданында жол жөндеу және қоғамдық көлікті жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Аудандағы жол желілерінің жалпы ұзындығы 600 шақырымнан асады, соның ішінде 165 шақырымы — облыстық, 58 шақырымы — аудандық, ал қалған 380 шақырымдайы — ауылішілік көшелер мен шаруашылық жолдары.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық қазынадан бөлінген 528 миллион теңге есебінен 12,6 шақырым болатын 15 көшеге орташа жөндеу жасалды. Бұл жұмыстарды «Строймонтаж» құрылыс компаниясы орындаса, техникалық бақылау «Bereke Ekspert» ЖШС-не жүктелді. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстарды қабылдау жүріп жатыр.
Сонымен қатар, Жаушықұм мен Қалғансыр елді мекендерін байланыстыратын 8 шақырымдық аудандық жолдың орташа жөндеу жұмыстары басталмақ. Жоба 2026 жылға өтпелі. Шардара қаласының өзінде де ұзындығы 9,4 шақырым болатын 12 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жобаның да негізгі бөлігі келер жылға өтеді. Бұған қоса, ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын №26 көше мен демалыс аймағына баратын жолға тас төсеу жұмыстары қолға алынған.
Жолдармен қатар, жолаушылар тасымалы саласы да жаңартылды. Мамыр айында қалаішілік маршруттарда қатынап жүрген ескі 13 автобус толықтай жаңартылып, заманауи «Газель» маркалы көліктермен алмастырылды. Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары толықтай аяқталды.
Шардарада жол және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары бұдан әрі де жалғасады. Бұл бастамалар аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.





