ТҮРКІСТАНДА «АНА МЕН БАЛА» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Түркістан қаласында салынуы жоспарланған заманауи перзентхана — «Ана мен бала» орталығының құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров нысан басына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аталған нысан Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Абу-Даби» қорының қаржылық қолдауымен бой көтеруде. Жобаның тапсырыс берушісі — «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, ал құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр.
Жалпы аумағы 3,3 гектарды құрайтын орталық екі қабатты етіп салынады. Ғимараттың жалпы көлемі – 17 288 шаршы метр. Қазір құрылыс алаңында жер қазу, іргетас құю және топырақ толтыру жұмыстары толық аяқталған. Нысанды 2026 жылы ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.
Облыс басшысы мердігер ұйым мен жауапты басқарма өкілдеріне құрылыс сапасын басты назарда ұстауды, барлық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар, болашақ медициналық мекемені мамандармен қамтамасыз ету және басқару мәселелерін қазірден бастап пысықтауға шақырды.





