Арыста Қала күні мен Теміржолшылар мерекесі кең көлемде тойланды

 

Арыста ерекше мерекелік көңіл күй – қала күні мен теміржолшылардың кәсіби мерекесі қатар тойланып, шаһардың орталық алаңы нағыз думан ордасына айналды. Мерекелік кешке қала тұрғындары, құрметті қонақтар мен теміржол саласының қызметкерлері жиналып, шат-шадыман тойдың куәсі болды.

Мереке барысында қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындарға ізгі тілегін арнап, Арыстың көркеюі мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді. Әлеуметтік-экономикалық дамуға сүбелі үлес қосып жүрген жандарға «Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен алғыс хаттар табысталды. Бұл – өз еңбегімен елдің алғысына бөленген азаматтарға көрсетілген шынайы құрмет.

Қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов те тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Ел үшін еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс екенін атап өтті.

Шараның ажарын аша түскен – өнерпаздар шеруі. Эстраданың танымал жұлдыздары Мақсат Базарбаев, Әділет Жауғашар, жас әнші MACHENSKII мен жергілікті талант Бейбарыс Серікбаев сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ән мен бидің әуенімен Арыстың аспаны шаттыққа бөленді.

Кеш соңында қала тұрғындары қуанышқа толы естеліктермен тарқасты. Арыс үшін қос мерекенің қатар келуі – қаланың тарихи, мәдени және еңбек даңқын тағы бір еске салып, бірлік пен рухты нығайтқан мәнді сәт болды.