ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 АЙДА 74 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 АЙДА 74 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысында биылғы жеті айда 74 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте айтылды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 130 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда 35 мыңнан астам адам тұрақты, 38 мыңнан астамы уақытша субсидияланған жұмыс орындарына орналасты. Ұлттық жобалар мен инвестициялық бастамалар арқылы тағы 4 мыңнан астам тұрғын еңбекке тартылған.
Жиын барысында жұмыссыздықпен күрестегі нақты нәтижелер мен шешімдер де талқыланды. «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы аясында 8300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылса, жеке қаржы есебінен іске асқан 88 инвестициялық жоба 1400-ге жуық адамға тұрақты табыс көзіне айналды. Бұл жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризм салаларын қамтиды.
Биыл қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлерінің саны 859-ға жетіп, оның ішінде 40-қа жуық азамат пробация есебінде тұрғандар қатарынан.
– Бұл бағытта жұмыс көрсету – тек статистикалық мәлімет үшін емес, халықтың нақты әл-ауқатын арттыру үшін жасалуы керек. Әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтарға басымдық беруіміз қажет, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Жиынға жұмыспен қамту, құрылыс, жол, энергетика, денсаулық, білім, туризм, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы басқарма өкілдері қатысты. Кездесу соңында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.





