Түркістанда жол қауіпсіздігі мен көші-қон мәселелері талқыланды

Түркістанда жол қауіпсіздігі мен көші-қон мәселелері талқыланды,-деп жазады Пресса24.кз.

Түркістан облысында құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті жиыны өтті. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, өңірдегі өзекті төрт мәселе қаралды.

Алдымен көші-қон заңдылықтарын сақтау жайы сөз болды. Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 11 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде ел аумағында заңсыз жүрген шетелдіктердің саны төрт мыңға жуық. Бұл бағытта «Мигрант», «Заңсыз келуші» сынды профилактикалық шаралар тұрақты өткізілуде.

Жиында жол-көлік апаттарының алдын алу да кеңінен талданды. Өңірде апат саны азаймай отыр. Қауіпсіздікті күшейту үшін облыстағы трассаларға қосымша 100 бейнебақылау кешені орнатылып жатыр. Күн сайын 290 патрульдік полиция қызметкері жол қозғалысын бақылайды. Биыл 600-ден астам жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды. Жыл соңына дейін 951 шақырым жол пайдалануға берілмек.

Әкім жүргізушілерді дайындайтын мектептердің сапасын тексеріп, талапқа сай келмеген жағдайда лицензиясынан айыруды тапсырды. Сонымен қатар республикалық жолдарда қолданылатын орташа жылдамдықты өлшеу тәжірибесін облыстық деңгейде енгізу ұсынылды.

Күн тәртібінде пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа тарту жайы да қаралды. Жыл басынан бері 500-ден астам адам еңбекке орналастырылған, олардың бір бөлігі тұрақты қызметке ие болды. Бұдан бөлек, салықтық құқықбұзушылық пен алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы шаралар талқыланды.