Созақ ауданында демеушілер қолдауымен ауылдарға жаңа ауыз су көздері ашылуда

Түркістан облысының Созақ ауданында халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тауып келеді. Аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының келісімі негізінде бірнеше елді мекенде жаңа су ұңғымалары қазылуда.

Атап айтқанда, Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау ауылдарында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Бабата елді мекенінде 507 метр тереңдікте ашылған ұңғыма сағатына 100 текше метрге жуық су беріп, жергілікті тұрғындардың қуанышын тудырды. Мұнда екінші құдықтың бұрғысы 400 метрге дейін жеткен.

Жоспарға сәйкес, Қызылкөл мен Құмкент ауылдарында 350 метр шамасында ұңғымалар қазылады. Қаратау мен Қарақұрда алғашқы құдықтар 180 метрге дейін жетіп, қазір су көзін тазалау жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта Қарақұр ауылында тағы 180 метрлік, Қаратауда 780 метр тереңдіктегі қосымша ұңғымалар қазу жоспарланған.

Жаз айларында осы ауылдарда су тапшылығы жиі туындап, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Сол өтініштердің нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіп» әлеуметтік жауапкершілік аясында қолдау көрсетіп, өңір халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға үлес қосуда.

Бұл бастама ауылдардың тұрақты суға қол жеткізуін қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті инфрақұрылымды нығайтуға да ықпал етпек.