ШАРДАРАДА СЕНБІЛІК ӨТІП, ҚАЛА КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ЖАҢА ТЕХНИКА БЕРІЛДІ

Шардара ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға 4 мыңға жуық тұрғын қатысып, 997 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Акцияны аудан әкімі Арман Қарсыбаев ашып берді. Оған аудан ардагерлері, еріктілер және әлем чемпиондары да атсалысты. Сенбілік кезінде Шардара қаласының 2-ші мөлтек ауданындағы қоқысқа толып, бей-берекет полигонға айналған жер абаттандырылып, жаңа «Еңбекшілер» саябағына айналды. Сонымен бірге жергілікті елді мекендерді жасыл желекпен қамтамасыз ету үшін арнайы тұқымбақ ашылды.
Бұған қоса, «Шардара шаруашылық қызметі» коммуналдық мекемесіне 15 арнайы техника табысталды. Бұл техника қала мен ауылдық округтердің аумағын жүйелі тазалауға жұмылдырылмақ. Шара барысында тазалық саласында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға да құрмет көрсетілді.
Бұл бастама ауданның экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
Авторы: Бердалы Ораз





