САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

 

Сарыағаш ауданында экологиялық және санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәріз жүйесін қалпына келтіру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер белсене атсалысып, әлеуметтік жауапкершілік танытуда.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгін құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ол шипажай иелерімен бірге нысанды аралап көріп, сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Әкім, ең алдымен, құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеуді және құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды міндеттеді. Сонымен қатар, Көктерек ауылдық округінің әкіміне және ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына бұл істің орындалуын жіті қадағалау тапсырылды.

Кәсіпкерлер шипажайлардың жұмысын тоқтатпай, үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін өз қаражаты есебінен қолдау көрсетуде. Олар Көктерек ауылдық округінде орналасқан КНС-1 кәріз жүйесінің жұмысын оңтайландыру мақсатында қосымша үш дана су сорғы (насос) қондырғысын орнатты. Бұған қоса, сарқынды су жинау алаңы кеңейтіліп, жиектеріне топырақ төселуде. Көл түбінде жиналған сазды тазалау жұмыстары да жүргізілуде.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, кәріз жүйесінің тиімді жұмыс істеуі тек шипажайлардың ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, қоршаған ортаға түсетін зиянды азайтады. Бұл шара экологиялық ахуалды тұрақтандырып қана қоймай, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта да кәсіпкерлермен бірлесіп, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.