РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ТҮРКІСТАНДА «ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР» ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Түркістан қаласында Республика күніне орай ерекше форматтағы спорттық мереке өтті. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған «Тең мүмкіндіктер» атты балалар инклюзивті спорт фестивалі Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өтті.
Бұл шараның басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, өз-өзіне деген сенімін нығайту және спорт арқылы қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Фестивальге 3–8 сынып аралығындағы 90 бала, 30 команда қатысты. Оларды қолдау үшін 400-ге жуық көрермен мен ата-аналар жиналды.
Фестивальде қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және көңілді старттар сияқты үш спорт түрінен бақ сынасты. Әр кезең қатысушылардың мүмкіндіктеріне сай бейімделіп өткізілді. Балалар жарыс барысында табандылық пен ерік-жігер танытып, командалық рух пен достықтың үлгісін көрсетті.
Марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, барлық қатысушыларды Республика күнімен және жарыстағы жетістіктерімен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Мүгедектігі бар адамдардың спортпен айналысуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуы керек» деп атап өтті. Бұл фестиваль – тек спорттық жарыс емес, бұл – достық пен түсіністіктің, қайсарлық пен ерік-жігердің мерекесі. Сіздердің табыстарыңыз – қоғамдағы тең мүмкіндіктердің айқын көрінісі, – деді Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде.
Фестивальдің үздік командаларына дипломдар мен кубоктарды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы атқарушы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева табыс етті. Сондай-ақ үздік ойыншылар жеке номинациялар бойынша медаль және алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара облыстық партия филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» бастамасымен ұйымдастырылды және Республика күні қарсаңындағы мерекелік шаралар топтамасының маңызды бөлігі болды.





