РЕСПУБЛИКА КҮНІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Республика күні қарсаңында Түркістан облысының Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №5 жалпы орта мектептің ашылу салтанаты өтті. 600 оқушыға арналған жаңа оқу ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиналғандарды Республика күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
📌 – Бұл жоба – ел болашағына жасалған инвестиция. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әрбір оқушы үшін қолайлы білім беру жағдайы жасалуда. Республика бойынша 217 «Келешек мектебі» салынса, соның 29-ы біздің өңірде бой көтерді. Бүгінде Түркістан облысында 550 мыңнан астам бала білім алып жатыр, оқушы саны жылдан жылға артып келеді, – деді аймақ басшысы.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталды. 3 гектар аумақта орналасқан нысанның жалпы ауданы 8 334 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты оқу ордасында 180 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, шеберханалар мен заманауи оқу кабинеттері бар.
Ашылу барысында қонақтар мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқушыларға жасалған жағдайды жоғары бағалады. Жаңа білім ордасы ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілетін ашуға және зияткер ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қоспақ.
Қазіргі таңда Сауран ауданында 24 мыңнан астам оқушы білім алатын 60-тан аса мектеп жұмыс істейді. Демографиялық өсімнің артуы жаңа білім нысандарына деген қажеттілікті көбейтуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында жалпы 29 «Келешек мектебі» салынды. Оның ішінде былтыр 13 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 жаңа мектеп іске қосылды. Жыл соңына дейін өңірде қосымша 6 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.





