ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА МҰРАГЕРЛЕРІ» ДОМБЫРАШЫЛАР ФЛЕШМОБЫ ӨТТІ

25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Түркістан қаласындағы NIS Turkistan мектебінде дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобы ұйымдастырылды.
Шара барысында күмбірлеген домбыра үні мен ұлттық рухқа толы күйлер тыңдарман көңілінен шықты. Жас өнерпаздар қазақ күй өнерінің інжу-маржандарын – «Нәр ағашы», «Келіншек», «Жастар биі», Құрманғазының «Балбырауын», «Ер Тұран» және Әбілахат Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін шебер орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Флешмоб ұлттық мәдени мұра мен дәстүрлі өнерді дәріптеуді, жас ұрпақ бойында елге деген сүйіспеншілік пен рухани бірлікті қалыптастыруды мақсат етті.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдау көрсетті.





