САРЫАҒАШТА МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРІЛІП, ӘНҰРАН ШЫРҚАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтіп жатыр. Осы игі дәстүр аясында Сарыағаш қаласындағы «Ана мен бала» аллеясында 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар мен жастар қатысты. Рәсім мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталып, көк байрақ салтанатты түрде көтерілді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев жиналған жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, Тудың ел тәуелсіздігі мен бірлігінің символы екенін атап өтті. «Біздің басты борышымыз – осы қасиетті рәміздерді қастерлеп, жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру», – деді ол өз сөзінде.

Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сарыағаш тұрғындары үшін бұл күн елдік рух пен мақтаныш сезімін ұялатқан ерекше мереке ретінде есте қалды.