СЫЗҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЕКІ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

 

Республика күні мерекесі қарсаңында Сызған ауылдық округіне қарасты Қайнар және Басбұлақ елді мекендерінің бүлдіршіндері үшін қуанышты жаңалық болды — екі бірдей жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен және жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Олар бұл бастаманың ауыл балаларының дамуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.

Заманауи талаптарға сай салынған ойын алаңшаларында сырғанақтар, әткеншектер және спорттық элементтер орнатылған. Мұндай орындар балалардың белсенді демалысына, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындары мен ата-аналар игі іске ұйытқы болған жергілікті билік пен демеушілерге алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Шара барысында балалар ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.

Бұл жобалар ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және жас буынның игілігіне бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болып отыр.