САРЫАҒАШ: “ӨНДІРІСТІК ПАРК” ЖОБАСЫ БОЙЫНША КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ПІКІР АЛМАСТЫ

Сарыағаш ауданында қолға алынған “Өндірістік парк” жобасы аясында аудан әкімі Арман Абдуллаев кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Басқосуға аталған өндірістік аймақта өз зауыттарын немесе цехтарын ашуды жоспарлап отырған бизнес өкілдері қатысты.
Кездесуде аудан басшысы кәсіпкерлердің жоспарларымен танысып, өндіріс салаларының даму мүмкіндіктерін талқылады. Инвесторлар өз жобаларын таныстырып, өндіріс орнын ашу үшін қажет инфрақұрылым, инженерлік желілер мен жер телімдерін пайдалану мәселелерін көтерді.
Арман Абдуллаев кәсіпкерлікті дамыту өңір экономикасының маңызды тіректерінің бірі екенін атап өтіп, инвесторларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Ол жауапты бөлім басшыларына жоба иелеріне әкімшілік қолдау көрсету, қажетті инфрақұрылымды дер кезінде жеткізу және рұқсат рәсімдерін жеңілдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Әкімнің айтуынша, “Өндірістік парк” іске қосылғаннан кейін Сарыағаш ауданының инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артады. Бұл жоба жаңа өндірістердің ашылуына жол ашып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырады. Сонымен қатар, өңірде шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер аудан әкімдігі тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ризашылық білдіріп, өз жобаларын дер кезінде жүзеге асыруға ниетті екендерін айтты.
Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өндірістік аймақ құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, болашақта бұл аумақ өңірдің экономикалық орталығына айналмақ.





