САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ САПАСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіндегі бірқатар көшелерде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, сапасын бақылауға алды. Аудан басшысы құрылыс алаңдарын аралап, асфальт төсеу процесін көзбен көріп, мердігер ұйым мен жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жол құрылысының сапасы мен мерзімін қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, әр кезеңнің жүйелі орындалуын талап етті.
Құркелес ауылдық округінің Нұрлы жол елді мекенінде қазіргі таңда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба Сүйінбай батыр, Тоқбергенов, Жамбыл Жабаев және Бейбітшілік көшелерін қамтиды. Барлығы 4,1 шақырым жолды жаңарту көзделген. Құрылысқа қажетті қаржы жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Жұмысты мердігер «Артд Групп» ЖШС жүргізуде, ал техникалық бақылауды «Qazaq Air Company» қамтамасыз етуде. Тапсырыс беруші – Сарыағаш ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Жол құрылысын өз көзімен көрген аудан әкімі жұмысшылармен және тұрғындармен тілдесіп, сапалы жолдың тұрғындар өміріндегі маңызына тоқталды. Ол инфрақұрылымның дамуы – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті.
Жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындарының ризашылығын тудырып отыр. Елді мекен тұрғындары аудан әкіміне алғыстарын айтып, жаңа жолдардың ауыл келбетіне сән беріп, халық тұрмысына қолайлы жағдай жасайтынына сенім білдірді. Ақсақалдар да басталған істің сәтті аяқталуына тілектестік білдіріп, бата берді.
Аудан басшылығы алдағы уақытта да жол салу және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді. Бұл өз кезегінде ауылдық округтердің дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды.





