ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА АУҒАНСТАНДАН ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ

 

Түркістан облысы шетелдік инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта өңірге Ауғанстан елінен келген инвесторлар арнайы сапармен ат басын бұрды.

Инвесторлармен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков облыстың мәдени және өндірістік әлеуетімен таныстырды. Делегация алдымен Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейі мен «Керуен сарай» туристік кешенін аралап, өңірдің тарихи және мәдени келбетін тамашалады.

Сапар Сауран ауданындағы «Шағын өнеркәсіптік паркінде» жалғасты. Мұнда қонақтарға өңірдің өндірістік мүмкіндіктері таныстырылып, паркте орналасқан кәсіпорындардың жұмысы көрсетілді. Инвесторлар халықаралық стандарттағы тоңазытқыш шығаратын «UBS» зауыты мен жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кешенінің қызметімен танысты.

Кездесу барысында Талғат Қозбеков Түркістан облысында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы баяндап, шетелдік әріптестерге облыстың экономикалық әлеуетін таныстырды.

Ауғанстаннан келген бизнес өкілдері Түркістан өңірінің инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік танытты.

Кездесу соңында тараптар сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты ұсыныстарды талқылады.