Түркістан облысында «Таза Қазақстан» аясында 17 мың ағаш егілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Түркістан өңірінде кең көлемде жалғасуда. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыруды мақсат еткен шара аясында облыс бойынша 17 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, елді мекендер тазартылды.
Сенбілікке облыс тұрғындары белсене қатысып, 50 мыңнан аса адам өз үлесін қосты. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жастар, еріктілер мен тазалық мекемелерінің қызметкерлері бар. Тазалық жұмыстары барысында саябақтар мен көшелер абаттандырылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды.
Аймақ басшылығының айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жүйелі бастама. Бұл тек бір реттік акция емес, тұрақты түрде жалғасатын экологиялық қозғалыс болмақ.
– Қоршаған орта таза болса, қоғам да тазарады. Ағаш егіп, айналаны күтіп ұстау – әрбір азаматтың парызы. Бүгінгі игі іске үлес қосқан ардагерлер мен жастарға, барша тұрғындарға алғыс айтамын, – делінген облыс әкімінің мәлімдемесінде.
Табиғатты қорғау мен көгалдандыру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, экологиялық мәдениетті нығайту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылмақ.





