Туристерді тартқан Түркістандағы фотокөрме

Түркістан облысы Полиция департаменті ұйымдастырған ерекше фотокөрме туристік аймақ қонақтарының қызығушылығын тудырды. «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттауға бағытталған шарада полиция қызметінің көпқырлы жұмысын көрсететін фотожұмыстар мен тәртіп сақшыларының балалары салған суреттер қойылды.
Фотокөрмемен қатар жаңа қызметтік автокөліктердің таныстырылымы өтті. Кішкентай тұрғындар мен туристер көліктерге отырып, полицейлердің арнайы жабдықтарымен танысты. Сондай-ақ, жеке құрам мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары сапқа тұрғызылып, салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.
Шараға Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов қатысып, тұрғындармен тілдесті. Ол өз сөзінде:
«Бүгін Сіздерге қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықпен тығыз байланыстағы полиция қызметін бейнелейтін көрмені ұсынып отырмыз. Мұнда полицияның жастарды тәрбиелеуге және қоғамда сенім орнатуға қосқан үлесін көруге болады», — деді.
Көрмеге тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Түркия, Өзбекстан және Ресейден келген шетелдік туристер де ерекше қызығушылық танытты. Полиция қызметкерлері әр суреттің тарихын баяндап, қызмет барысындағы ерлік пен батылдық сәттерін көрермендерге түсіндіріп өтті.
Ашық аспан астында өткен фотокөрме келушілерге полицейлердің жауапты әрі қауіпті қызметінің шынайы көріністерін көруге мүмкіндік берді. Қатысушылар шараның тәрбиелік маңызына жоғары баға беріп, мұндай көрмелерді тұрақты өткізу туралы ұсыныстар білдірді.
Көрменің соңында өнерпаз тәртіп сақшыларының шағын концерті өтті. «Жас сақшы» сыныбының оқушылары мен полиция қызметкерлері орындаған әндер мен патриоттық әуендер қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.





