ТҮРКІСТАНДА ЕСКЕК ЕСУДЕН 18 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Tүркістан тағы бір халықаралық спорт додасын қабылдайды. Тайландтың Паттайя қаласында өткен Азияның байдарка мен каноэда есу конфедерациясының (ACC) 22-конгресінде Қазақстан үшін тарихи шешім қабылданды — алғаш рет Түркістан қаласында ескек есу спортынан 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионаты өтетін болды.

Айта кетсек, бұған дейін дәл осы жиында Түркістанда 2026 жылы байдарка мен каноэда есу бойынша U23 жас санатындағы Азия чемпионаты және параканоэден VI Азия біріншілігі ұйымдастырылатыны жарияланған еді. Енді оған қоса U18 жасөспірімдер арасындағы жарыс та Түркістанда өтпек. Бұл шешім өңірдің спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.

Түркістан облыстық су спорты түрлері мектебінің директоры Денис Жарменовтың айтуынша, чемпионаттар 2026 жылдың маусым айында өткізіледі. Жарыстар олимпиадалық стандарттарға толық сай келетін Түркістандағы жаңа ескек есу арнасында ұйымдастырылады.

Жергілікті спорт инфрақұрылымының сапасы мен халықаралық талаптарға сәйкестігі Қазақстанның Азия құрлығындағы беделін айқын көрсетіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды турнирлер еліміздің спорттық туризмін дамытуға, жастарды ескек есуге тартуға және Түркістанның халықаралық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін арттыруға сеп болмақ.