САРЫАҒАШ: «ҚАЗЫҒҰРТ» КЕДЕН БЕКЕТІНДЕГІ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Қазығұрт» кеден бекетінде жүргізіліп жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бекет аумағында көлік қозғалысын реттеу, тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды шаралар қолға алынған.

Әкімнің айтуынша, шекара маңы – ел қақпасы, сондықтан оның сыртқы келбеті мен тәртібі аймақтың имиджіне тікелей әсер етеді. «Қазығұрт» бекетінде қазір инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай бекет айналасындағы аумақты көркейту мен абаттандыру да басты назарда. «Біздің міндет – тәртіп пен тазалықты сақтау, келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау», – деді Арман Абдуллаев.

Құрылыс және абаттандыру жұмыстарын «Integra» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Аудан басшысы жұмыс сапасын тексеру барысында кәсіпкерлермен кездесіп, кеден маңындағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты нақты ұсыныстар берді. Сонымен қатар, көлік қозғалысын жүйелеу, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарды кеңейту және кеденге кіреберіс аумақтағы заңсыз сауда нүктелерін жою бойынша тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байгабуловқа барлық жұмыстардың орындалуын жеке бақылауға алу міндеті жүктелді. Сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жеңіл конструкциялы заңсыз сауда нысандарын жоюды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Қазығұрт» кеден бекетін жаңарту жұмыстары толық аяқталған соң, өткізу қабілеті артып, жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсармақ.