Түркістан облысы делегациясы Өзбекстанда келіссөздер жүргізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңірлік делегацияның Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары жалғасуда. Сапардың басты мақсаты – туризм саласындағы серіктестікті дамыту және өзара тәжірибе алмасу арқылы аймақаралық байланысты күшейту.
Бүгін делегация мүшелері Хорезм облысына барып, жергілікті билік өкілдерімен келіссөздер өткізді. Кездесуде туризм, мәдениет, сауда және инвестиция бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар өңірлер арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Сапар аясында Түркістан делегациясы Хиуа қаласындағы тарихи Ичан-Қала кешенін және Нуриллабой сарайын аралап көрді. Бұл нысандар – ЮНЕСКО мұрасына енген бірегей тарихи орындар. Делегация мүшелері өзбек тарапынан мәдени мұраны сақтау тәжірибесімен танысып, Түркістандағы туризмді дамытуда осындай үлгілерді қолдану мүмкіндігін қарастырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және екі өңір арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға келісті.





