Құмтүйінде жаңа саябақ іргетасы қаланып, 3000 түп ағаш егілді

 

Сауран ауданының Қарашық ауылдық округінде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, тұрғындармен бірге жасыл желек отырғызу науқанында белсенділік танытты.

Жалпы көлемі 1,8 гектар аумақ абаттандыруға бөлініп, жер толық қоршалды. Аумақты дайындау барысында арық қазу, жерді тегістеу, топырақ құнарландыру және ағаш отырғызу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 3000 түп қарағаш пен шырша көшеттері егілді. Жоспар бойынша бұл аумақты заманауи саябаққа айналдыру көзделуде.

Жобаның басты мақсаты – ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақ көлемін арттыру және тұрғындарға таза әрі демалуға қолайлы ортаны қамтамасыз ету. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров табиғатты қорғау және елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті: “Сауран жасыл ауданға айналуы тиіс. Әр ауылда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, балаларға ойын және спорт алаңдарын көбейту, ағаш отырғызу мәдениетін кеңейту – біздің ортақ міндетіміз. Құмтүйінде қолға алынған бұл бастама – тұрғындардың туған жеріне деген қамқорлығын көрсететін үлгі”, – деді ол.

Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары аясында балаларға арналған ойын алаңы мен шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Заманауи жабдықтармен жасақталған бұл нысандар ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

“Таза Қазақстан” акциясы аясында қолға алынған бұл бастама – Сауран ауданында экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты аялау және елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.