Дәулет Кәрібек: «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – қайырымдылық пен бауырмалдықтың алаңы

Астанада еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық ерекше бала қатысқан «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі басталды. Екі күнге жалғасатын бұл шарада қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және эстафета түрлерінен өзара сынға түседі. Мақсат – ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың спорттағы қабілеттерін ашу және инклюзивті ортаны дамыту.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әділетті қоғам құру үшін әрбір баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан тең мүмкіндікке ие болуы қажеттігін үнемі атап өтеді. Осы бағытта «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана әкімдігімен бірлесе отырып, фестиваль ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек фестивальдің әлеуметтік маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті спортқа айрықша назар аударады. Президенттің тапсырмасымен бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Тең мүмкіндіктер» фестивалі – осы бастамалардың нақты нәтижесі. Іріктеу кезеңіне 2000-нан астам бала қатысып, олардың ішінен үздіктер анықталды. Бұл балалар болашақта халықаралық аренада ел намысын қорғайды деп сенеміз. Фестиваль – қайырымдылық пен бауырмалдықтың тоғысқан мерекесі», – деді ол.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі қоғамдағы инклюзия мәдениетін қалыптастыруға, балалардың әлеуетін ашуға және қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.