ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» ӨТТІ

Түркістан облысының Төлеби ауданында жастар арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыстық «Көшпенділер ойыны» өтті. Іс-шараны облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Бұл жолғы жарыс Бірінші Мамыр ауылындағы «Төлеби» спорт клубында өтіп, бесінші мәрте жалғасын тапты.
Ойынның басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жастардың бойында отансүйгіштік пен рухани бірлікті қалыптастыру, сонымен қатар ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Байрақты бәсекеде қатысушылар қазақ халқының дәстүрлі ойындары мен күш сынасу түрлері бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, садақ ату, асық ату, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, мас-рестлинг және арқан тартыс сияқты спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды.
Жарысқа Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан 14 пен 35 жас аралығындағы жастардан құралған 10 команда қатысты. Жалпы 150-ге жуық жас спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, тартысты ойын өрнегін ұсынды.
Қорытынды бойынша Қазығұрт ауданының командасы бірінші орынды жеңіп алып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын Төлеби ауданына бұйырып, 300 мың теңге берілді. Ал үшінші орынды Арыс ауданы иеленіп, 200 мың теңгемен марапатталды. Бұдан бөлек, «Ерекше киім үлгісі» номинациясында Келес ауданы, «Үздік ұжым» аталымында Бәйдібек ауданы, ал «Үздік атбегі» атағында Сарыағаш ауданы танылды. Бұл үш номинация иегеріне 50 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді.
Сонымен қатар жарысқа қатысқан барлық командалар 50 мың теңгеден сыйақы, кубок және арнайы дипломдармен марапатталды.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, жеңімпаздарға марапаттарын табыс етті. Олар өз сөздерінде «Көшпенділер ойыны» жастар арасында ұлттық мұра мен спортты ұштастырып, рухани сабақтастықты сақтауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Төлеби өңірінде жыл сайын дәстүрге айналған бұл ойын түрі қазірдің өзінде облыстық деңгейде үлкен мәдени және спорттық жобаға айналып отыр. Жастардың қызығушылығын арттырумен қатар, ол ауыл өмірінің белсенділігін арттырып, бірлік пен достықты нығайтуға сеп болуда.





