ТӨЛЕБИДЕГІ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» – АУДАННЫҢ АЙШЫҚТЫ БРЕНДІНЕ АЙНАЛДЫ

Түркістан облысының Төлеби ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан облыстық «Көшпенділер ойыны» биыл бесінші рет өтті. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл шара бүгінде ауданның мәдени және спорттық брендіне айналып, өңірдің ерекшелігін айшықтайтын маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Биылғы ойынның ашылу рәсімі ерекше рух пен мерейлі сәтке толы болды. Салтанатты жиында қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің жеңімпазы, 106 келі салмақта «Найман» лақап атымен танылған «Әскер барысы» Марат Байкамуров құрметке бөленді.
Төлеби топырағында туған палуанның жеңісі аудан жұрты үшін үлкен мақтаныш болды. Рәсім барысында Марат Байкамуровқа аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы табысталып, ұлттық дәстүр бойынша иығына шапан жабылып, ат мінгізілді. Бұл — нағыз қазақы құрметтің көрінісі, елдік рухтың айғағы болды.
Сонымен қатар палуанды дайындап, жеңіске жетелеуде зор еңбек сіңірген бапкерлер — Жанпейіс Жабаев пен Нұрдаулет Сихимбаев та назардан тыс қалмады. Оларға да аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен дәстүрлі шапандар табысталды.
Мерекелік іс-шара барысында жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. «Көшпенділер ойыны» жыл сайын ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде өз орнын айқындап келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы жылдары ойынның ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығару жоспарланып отыр. Бұл бастама Төлеби ауданының брендтік беделін күшейтіп, өңірді этноспорт пен ұлттық мәдениеттің орталығына айналдыруға жол ашады.





