Арыста бизнес үшін жаңа салық жеңілдігі енгізілді

Түркістан облысының Арыс қаласы өңірде алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында табыс салығының мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетті.

Аталған шешім 2025 жылғы 6 қарашада Арыс қалалық мәслихатында өткен сессияда қабылданып, депутаттардың толық қолдауына ие болды.

Арыс қалалық мәслихатының депутаты әрі «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбековтің айтуынша, табыс салығының төмендеуі кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік болып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын азайтады. Сонымен қатар, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік береді.

«Мұндай жеңілдіктердің арқасында Арыс қаласында жаңа жұмыс орындары көбейіп, салық төлеушілер саны артады. Жалпы, бұл әлеуметтік жағдайды жақсартуға да оң әсер етеді», – деді ол және барша қазақстандықтарды осы бастаманы қолдауға шақырды.