ТҮРКІСТАНДА «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ МЕДИА ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТУДЕ

һТүркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» тақырыбындағы маңызды дөңгелек үстелдің жұмысы басталды.

Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандыұлы Қыдырәлінің бастамасымен, Қожа Ахмет Ясауи университеті, Мұсылман ақсақалдар кеңесі және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Жиынның негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің ақпараттық кеңістікке әсерін, медианың этикалық нормалары мен бейбітшілік журналистикасының рөлін талқылау, қоғамдағы жауапкершілік пен адамгершілікті күшейту жолдарын айқындау.

«Түркістан – бейбітшілік пен ізгіліктің бастауы»

Жиынды ашқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Депутат Түркістанның таңдалуының мәніне тоқталып:

«Ізгілік тілі – Ясауи тілі, бейбітшілік пен татулықтың бастауы Түркістаннан тарайды. Бұл – жай ғана жиын емес, қоғамды ізгілікке үндейтін бастама», – деді.

Сонымен бірге ол жасанды интеллекттің жаңалықтарды бұрмалау немесе эмоциялық манипуляция арқылы қоғамға әсер ету қаупіне тоқталды. Мұндай жағдайда журналистердің міндеті – бейбітшілікке, дәлдікке, әділдікке шақыратын сапалы медиа қалыптастыру екенін атап өтті.

Ақпараттық кеңістіктегі жаңа өзгерістер

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев медиа саласындағы жасанды интеллекттің ықпалы күн сайын күшейіп келе жатқанын айтты:

«Ақпараттың тарау жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Университет жасанды интеллект саласын дамытып, өңірге жаңа технологиялы мамандар даярлауда маңызды рөл атқарып отыр», – деді ол.

Университет ректоры Жанар Темірбекова да бұл шараның өткізілуі – оқу орны үшін үлкен мәртебе екенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Университет өкілдері жасанды интеллект дәуірінде журналист мамандардың жауапкершілігі мен медианың қоғамдағы бейбітшілік миссиясы күшейетінін атап өтті.

Бейбітшілік журналистикасының маңызы талқыланды

Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Абдунаим Сейдмұхаммед сөз сөйлеп, шараның аймақтық тұрақтылық пен қоғамдағы келісімге қосар үлесін атап өтті.

Жиын сессиялық отырыстармен жалғасып, қатысушылар:

  • «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика»
  • «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі»

тақырыптары бойынша пікір алмастырды.