АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖЫЛДАР БОЙЫ КҮТІЛГЕН ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ НӘТИЖЕЛІ ТҮРДЕ ШЕШІЛДІ

Арыс қаласындағы Ақмұрзаев көшесінің (Махаля) тұрғындары үшін ұзақ уақыт бойы өзекті болып келген мәселе биыл нақты шешімін тапты. Қаланың орталығында орналасқан бұл шағын көше бөліктерінің тарлығы мен жолдың нашар жағдайы халықты көптен бері алаңдатып келген еді. Тұрғындар бірнеше мәрте тиісті орындарға жүгініп, соңғы рет қала әкімі Қайсар Маңқараевтың жеке қабылдауында мәселені ашық көтерген болатын. Олар әсіресе, тұрғын үйлер арасындағы тар жолдармен жүру қиындап, лайға бату, шаң-тозаң мәселесі күнделікті тұрмысқа айтарлықтай қолайсыздық туғызғанын айтқан.
Биыл бұл мәселені шешу мақсатында арнайы жоба қолға алынып, Ақмұрзаев көшесінің бес бірдей қуыс жолына жаңа сапалы асфальт төселді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жол инфрақұрылымы қалыптасты. Бұған қоса, көше бойында жарық шамдарын орнату жұмыстары басталып, қазіргі уақытта жаңадан орнатылған шамдар іске қосылуда. Бұл әсіресе кешкі уақытта жүргіншілердің қозғалысын жеңілдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғындар көптен бері шешімін күткен мәселенің оң шешілгеніне ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға жоғары баға беруде. Олардың айтуынша, бұрынғыдай батпақ кешіп, автокөлік пен жаяу жүргінше қозғалыстың қиындауы сынды күнделікті қиындықтар енді артта қалды.
Қала әкімдігі инфрақұрылымды жаңғырту бағыты бойынша басталған жұмыстардың мұнымен шектелмейтінін атап өтті. Халықтың көтерген ұсыныстары барлық деңгейде қаралып, қаланың өзге де шағын көшелері мен қоғамдық орындарында да жүйелі оң өзгерістер жалғасын табатынын жеткізді.
Арыс қаласы үшін бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың бір парасы ғана. Инфрақұрылымды дамыту бойынша жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.





