Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа Өнер мектебі ашылды

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған жаңа Өнер мектебі ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл нысан – мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бой көтерген әлеуметтік жобалардың бірі. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы келіп, жергілікті жұртшылықты құттықтады.

Салтанатты жиында облыс басшылығы жаңа мәдени нысанның өңір үшін маңызын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қайтарылған активтер ел игілігіне бағытталуы тиіс» деген тапсырмасының орындалып жатқанын жеткізді. 870 млн теңгеден астам қаржы қайтадан халық қажетіне жұмсалып, ауыл балалары үшін қолжетімді өнер орталығы құрылды.

Жаңадан ашылған мекеме – 300 орындық заманауи білім беру орталығы. Мұнда музыка және өнер бағытында тереңдетілген білім алуға барлық жағдай қарастырылған. Ғимараттың бірінші қабатында ұлттық және заманауи аспаптарға арналған кабинеттер, фортепиано және гитара сыныптары, топтық жаттығу бөлмелері, кітапхана және 150 орындық мәдени іс-шараларға арналған зал орналасқан. Ал екінші қабатта қазіргі стандарттарға сай жабдықталған дыбыс жазу студиясы, хор кабинеті, халық аспаптары бөлмесі, сахна мен сахналық жабдықтар қоймасы бар.

Бұл нысан – ескі, 1974 жылы салынған және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттың орнына тұрғызылған жаңа білім беру орталығы. Бұған дейін апатты жағдайда тұрған сол мектепте 400-ден астам бала мен 45 мұғалім тар бөлмелерде жұмыс істеп келген. Жобалық қуаты бірнеше есе асқан ескі нысан ауданның мәдени қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отырған еді. Жаңа мектептің салынуы бұл мәселені толық шешіп отыр.

Темірландағы Өнер мектебі ауыл өміріне тың серпін беріп, талантты балалардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік ашпақ. Балалар енді музыка мен хореографияны жоғары деңгейде оқып, кәсіби дағдыларын дамытуға арналған кең, жылы, жарық кабинеттерге ие болды. Бұл – елге қайтарылған активтердің қоғам мүддесіне нақты пайда әкелуінің айқын дәлелі.

Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару процесі жалғасуда. Президент тапсырмасы бойынша бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға, ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлердегі өмір сапасын арттыруға бағытталып келеді. Түркістан облысында осы қордың есебінен 30-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында ауыз су жүйелерін жаңарту, медициналық мекемелерді жөндеу және өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бар.

Темірлан ауылындағы жаңа Өнер мектебінің ашылуы – мемлекетке қайтарылған активтердің өңірдің дамуына қызмет етіп жатқанын көрсететін маңызды мысал. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, облыстың түрлі салаларындағы әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.