КЕЛЕСТЕ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ 188 АЗАМАТТЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕСТІЛЕУДЕН ӨТКІЗДІ

КЕЛЕСТЕ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ 188 АЗАМАТТЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТЕСТІЛЕУДЕН ӨТКІЗДІ,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Келес ауданында пробациялық есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, жұмыспен қамту және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарды күшейту мәселелері талқыланған кеңейтілген жиын өтті. Маңызды басқосуға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев төрағалық етті.
Жиынға Түркістан облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының басшысы Нұрғали Асқанбеков, Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – пробациялық бақылауда тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қайталама құқықбұзушылықтың алдын алу тетіктерін нақтылау болды.
Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес екі негізгі баяндама тыңдалды. Алғашқы баяндамада аудан аумағында пробациялық есепте тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға тарту және әлеуметтік қолдау шараларының орындалу барысы жан-жақты баяндалды.
Ағымдағы жылы прокуратураның үйлестіруімен бұл бағытта бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді. Атап айтқанда, «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бекітілген квоталар толық орындалып, пробация есебіндегі, бас бостандығынан босатылған және қамқорлықтан айырылған санаттағы 8 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш аудан көлемінде әлеуметтік әлсіз топтарды еңбек нарығына тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, пробация есебіндегі 52 азамат түрлі мемлекеттік және әлеуметтік қолдау шараларына тартылған. Олардың ішінде 22 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 13 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданған. Тағы 8 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 3 азамат өз ісін бастау үшін мемлекеттік грантқа ие болған. Бұдан бөлек, мұқтаж санаттағы азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 13 адам қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарын сәтті аяқтаған.
Екінші баяндамада Келес аудандық пробация қызметінің профилактикалық және қайта әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Отбасын қолдау орталығы» мамандарының қатысуымен жыл басынан бері пробациялық есепте тұрған 188 азаматқа психологиялық тестілеу жүргізілгені айтылды.





