ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жаңа спорт нысаны ауданның спорттық әлеуетін арттырып, халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде заманауи талаптарға сай жабдықталған үстел теннисі орталығы ел игілігіне берілді. Аталған спорт нысаны «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен салынған. Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.

Мемлекеттік саясат және өңірлік даму

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, соңғы жылдары ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

 

– Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы басталды. Қазіргі таңда оның 102-сінің құрылысы аяқталуға жақын, қалған нысандар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Бүгін пайдалануға беріліп отырған үстел теннисі орталығы – осы жұмыстардың нақты нәтижесі. Нысан барлық стандарттарға сай, заманауи үлгіде жабдықталған және бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады, – деді Нұралхан Көшеров.

 

Облыс әкімі жаңа орталықта үстел теннисімен қатар бокс, күрес секілді спорт түрлерімен де айналысуға мүмкіндік бар екенін айтып, бұл кешен Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Сонымен қатар нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына өңір жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

 

Спорт саласының дамуына серпін

 

Шара барысында Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов сөз сөйлеп, елімізде үстел теннисі спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Жетісай ауданында ашылған жаңа орталықтан болашақта республикалық және халықаралық деңгейдегі чемпиондар шығатынына сенім білдірді.

 

Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Жаттығу барысымен танысып, спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне тілектестік білдірді.

 

Нысанның мүмкіндіктері мен инфрақұрылымы

 

Асықата кентінде 1 гектар аумақта орналасқан спорт орталығының жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Спортшыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында екі жаттығу залы қарастырылған. Оның бірінде 9 үстел теннисі үстелі орнатылса, екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі мен заманауи тренажер жабдықтары қойылған.

 

Сонымен қатар орталықта 30 орындық жатақхана мен асхана жұмыс істейді. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық және халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерді өткізуге толық мүмкіндік бар.

 

Жетісай ауданындағы спорт инфрақұрылымының дамуы

 

Бүгінде Жетісай ауданында мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының спорт алаңшаларынан бөлек, 77 ашық спорт алаңшасы бар. Оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Спорт саласын дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер қаржысы есебінен тағы 5 нысан бой көтерген.

 

Ал өткен жылы мемлекеттік бюджет есебінен 6, жеке инвестиция арқылы 4 спорт нысаны пайдалануға берілген. Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Болашаққа бағытталған қадам

Жаңа үстел теннисі орталығы – Жетісай ауданындағы спорт инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл нысан жастарды спортқа баулып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, кәсіби спортшыларды даярлауға және өңірдің спорттық беделін арттыруға елеулі үлес қоспақ.