Сарыағашта «Таза Қазақстан» аясында жаппай тазалық жұмыстары ұйымдастырылды

Сарыағашта «Таза Қазақстан» аясында жаппай тазалық жұмыстары ұйымдастырылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жалғасуда. Осы бастама аясында Сарыағаш ауданында тұрғындарды кеңінен қамтыған ауқымды сенбілік өткізілді.
Тазалық шаралары аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде жүргізілді. Таңғы уақыттан басталған сенбілікке аудан әкімі Арман Абдуллаев бастап, қала мен 13 ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Сенбілік барысында ұзақ уақыт бойы жиналмай жатқан тұрмыстық қалдықтар шығарылып, жол жиегі мен қоғамдық орындар тазартылды. Сонымен қатар арамшөптер шабылып, су арналары мен арық-атыздар қоқыстан аршылды. Бұл жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек бір реттік тазалық шараларымен шектелмейді. Негізгі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениетті нығайту, табиғатты аялау жауапкершілігін әрбір азаматтың санасына сіңіру және қоршаған ортаны қорғау идеясын күнделікті өмір салтына айналдыру.
Аудан тұрғындары мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдіріп, тазалықты сақтау – әркімнің ортақ міндеті екенін атап өтті.





